русский

25 жыл

Қазақстан Республикасы
Президентінің 2016 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

«БІРЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 25 ЖЫЛЫ»
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫН МЕРЕКЕЛЕУ
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

  1.  Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері
  2. Мерекенің идеологемалары
  3. Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері
  4. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері
  5. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу күнтізбесі
  6. Мерекенің сыртқы атрибуттары
  7. Күтілетін нәтижелер

«Ғасырларға тең жылдар,
жүзжылдықтарға тең дәуір»
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

      1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың арқасында Қазақстан тұңғыш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған, заңды ресімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды.
Бұл заманалық оқиға – біздің халқымыздың көптеген ұрпақтарының орындалған армандары мен үміттерінің нәтижесі.
Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді, Стратегия – 2030-ды мерзімінен бұрын іске асырды, Стратегия – 2050, «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет» Ұлт жоспарын жүзеге асыра бастады.
Қазақстан бүгінде – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында жаңғыру мен дамудың көшбасшысы.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы салтанатты төрағалық, Астана саммиті, Ислам конференциясы ұйымындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі, Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық – бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың дана әрі тиімді саясатының арқасында қол жеткізілген үздік жетістіктер.

  1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын
    мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы түйінді төрт негізде құрылады:
Тұжырымдамалық, философиялық, құндылықтық. Мемлекеттің бүкіл тыныс-тіршілігінің негізі тәуелсіздік болып табылатынын ұстанған жөн. Нақ Тәуелсіздікті нығайту – барлық мемлекеттік органдар қызметінің негізгі мағыналық өзегі.
Сонымен қатар, бұл өте маңызды құндылық. Мемлекет және еліміздің әрбір азаматы Тәуелсіздікті сақтау үшін бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Мұның мәнісін ашу үшін барша қоғамның жұмысы қажет.
Тарихи. Қазақ халқы көп ғасырлардан бері Тәуелсіздікке ұмтылып келді. Тәуелсіздікке қол жеткізуде көптеген ұрпақтың орасан еңбегі бар. Сондықтан мерекелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие болмақ.
Бүгінгі ұрпаққа Тәуелсіздікті сақтау және нығайту ерекше тарихи жауапкершілігі жүктелген. Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы осы құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруге бағытталуға тиіс.
Идеологиялық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – 2016 жылдың ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің барлық жылдарының қорытындысы. Еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктерін көрсету қажет. Барлық салалық министрліктер мен әкімдіктер бұқаралық ақпарат құралдарын (бұдан әрі – БАҚ) кеңінен пайдалана отырып, олардың ауқымды таныстырылымдарын өткізуге тиіс.
Халықаралық. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның орнықты, табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жөніндегі жетістіктерін, жүргізіп отырған ұлттық бірлікті нығайтудағы саясатын жоғары бағалайды. Тәуелсіз Қазақстан аса беделді халықаралық ұйымдарды басқарды. Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу оның 25 жылдық дамуы тұрғысында елімізді шетелде кеңінен таныстырумен қатар жүруге тиіс. Аталған жұмысты Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері жүргізетін болады.

  1. Мерекенің идеологемалары

Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу шеңберінде мынадай негізгі идеологемалар қолданылады:
БОСТАНДЫҚ
Тәуелсіздік алғаннан кейін ел, халық және әр азамат өзінің болашағын өзі дербес құруда шынайы бостандыққа қол жеткізді.
БІРЛІК
Тәуелсіздік алған жылдардың басынан-ақ Қазақстан тең құқылыққа, достық пен келісімге негізделген барша халықтың бірлігін өз дамуының негізі етіп алды. Осы жылдардың бәрінде Қазақстан сол қағиданы берік ұстанып келеді.
ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Қазақстан өзінің барлық жетістіктері үшін елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірін сипаттайтын тұрақтылыққа қарыздар.
ӨРКЕНДЕУ
Қазақстан дұрыс таңдалған даму басымдықтарының арқасында барлық сынаққа төтеп беріп, орнықты дамудың және халықтың әл-ауқатын ұдайы арттырудың жолына шықты.

  1. Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің негізгі мақсаты мемлекеттіліктің, халықтың бірлігі мен барлық қазақстандықтардың «Мәңгілік ел» құндылықтарының аясында топтасуын одан әрі нығайту болып табылады.
1. Қазақстанның Тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі жетістіктері мен табыстарын паш ету.
2. Одан әрі табысты даму үшін қазақстандық қоғамды топтастырудың өзегі болып табылатын «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын ілгерілету.
3. Бірегейлік пен бірлікті нығайту.
4. Ел үшін мақтаныш сезімін нығайту.
5. Мемлекеттің басты стратегиялық міндеті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруін іске асыруға еліміздің барлық азаматтарын тарту.

  1. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері

Дайындық кезеңі:
1) нормативтік құқықтық құжаттарды бекіту (іс-шаралар жоспары, Үкімет қаулылары, Мемлекет басшысының мерейтойлық медаль туралы жарлығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шараларды отандық және шетелдік БАҚ-та жария ету жөніндегі медиа-жоспар);
2) орталық және өңірлік деңгейлердегі ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар.
Негізгі кезең:
1) әр ай Тәуелсіздік жетістіктері мен «Мәңгілік ел» құндылықтарының бірінің аясында өтеді;
2) 20 қарашадан бастап 16 желтоқсан аралығындағы 25 күнде Тәуелсіздіктің 25 жетістігі атап өтіледі, бұл күндері басты мерекелік іс-шаралар өтеді;
3) отандық және шетелдік БАҚ-та кеңінен жария ету.
Республикалық және өңірлік деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға және оларға қатысуға шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының, бизнес-құрылымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар тартылады.
Іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.
Барлық республикалық БАҚ-та мерейтойлық жыл оқиғаларының рубрикаторы ашылады.
БАҚ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарында мерейтойлық іс-шаралар мен оқиғаларды толық сипаттайтын анимациялық баннерлер орналастырылады.
Мерекеден кейінгі кезең.
Бұл кезеңде өткен кезең бойы трансляцияланған еліміздің қол жеткізілген негізгі жетістіктерін оңынан көрсетудің нәтижесін барынша бекітуді қамтамасыз ету қажет.
Еліміздің жетістіктері кітаптарда, деректі және көркем фильмдерде, драмалық, опералық және балет спектакльдерінде, түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларда, өнердің басқа да түрлерінің туындыларында нысаналық көрініс табуға тиіс.

Тәуелсіздіктің жеті игілігі

Мемлекет басшысының 2013 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен.
1. Біздің қасиетті де лайықты еліміз – «Мәңгілік Ел».
Он төрт мың километрден астам талассыз шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендеді. Олар барлық шектес елдермен ізгі көршілестіктің шебіне айналды.
2. Ел бірлігі.
Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Бірлік, береке – біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тәуелсіздік халықты Ассамблеяның – бейбітшілік пен келісімді сақтаушының біртұтас шаңырағының астында тұтастыра түсті. Біздің рухани бірлігіміз – зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы.
3. Төл мәдениетіміз бен туған тіліміз.
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. Қазақтың асқақ өнері мен бай мәдени мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды.
4. Индустриялық-инновациялық экономика.
ХХІ ғасырда барлық табысты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды.
5. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі бар нәрсеге біз тер төге еңбек етудің нәтижесінде жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді.
6. Астана.
Оның жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулеткерлік шедеврлерінде біздің Тәуелсіздігіміздің Ұлы Тарихы айнадағыдай көрінеді. Астанаға деген сүйіспеншілік – әрбір қазақстандықтың перзенттік сезімі.
7. Жаһандық жауапкершілік пен барша адамзаттық бастамалар.
Қазақстан халықаралық қатынастардағы сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқық негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің «зәкірлі құндылықтары»

Мерекелік күн тәртібі – Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы

БІРЛІК
Бірлік – біздің қасиетті туымыз. Ел бірлігін сақтау және нығайту – ең жоғарғы адамгершілік.
ӘЛ-АУҚАТ
Әл-ауқаттың іргетасы – бейбітшілік, қабырғасы – тұрақтылық, күмбезі – келісім болып табылады.
ЖАСАМПАЗДЫҚ
Тәуелсіздік заманы – бұл жасампаздық пен істердің ұлы жолы.

  1. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің күнтізбесі
  2. Қаңтар– Кәсіпқой және тиімді мемлекет
    Ай Қазақстанның кәсіпқой және тиімді мемлекет құрудағы жетістіктеріне арналады.
    Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Мемлекет басшысының саясаты арқасында Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты.
    Стратегиялық көзқарас Қазақстанға барлық салаларда табысқа жетуге мүмкіндік береді. Экономикалық және саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен ашық азаматтық қоғам құрылды.
    Бүгінде Қазақстан – мемлекеттік дамудың түйінді бағыттары жөнінен әлемнің 50 мемлекетінің қатарына енген табысты ел.
    Ай бойы Қазақстанның егемен, тәуелсіз, мықты және біртұтас мемлекет ретіндегі табыстарын таныстыру іс-шаралары өткізілетін болады.
    Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес кәсіпқой мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі 15 қадам шеңберінде қабылданған шаралар таныстырылатын болады.
    2. Ақпан – Саламатты Ұлт. Спортты Қазақстан.
    Ай жоғары жетістіктер спорты саласындағы жетістіктер мен саламатты өмір салтын дәріптеуге арналады.
    Нақ осы салауатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып табылады.
    Ай бойы спорттық іс-шаралар топтамасы, БАҚ-тың барлық түрлерінде қазақстандық спорт жетістіктерінің таныстырылымы өткізіледі.
    3. Наурыз – Біртұтас болашақтың ұлты. Ұлы дала дәстүрлері.
    Ай Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астында біріккен Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығына арналады.
    Ай бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының негізінде қазақстандық қоғамның одан әрі топтасуына бағытталған іс-шаралар өткізіледі.
    Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясы өткізіліп, онда тарихта тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының есебі, оның ішінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру бойынша есебі ұсынылады.
    4. Сәуір – Зияткер ұлт. Нұрлы болашақ.
    Ай Қазақстанның индустриялық дамуда инновациялар құру саласындағы жетістіктеріне арналады.
    Мемлекет басшысы индустрияландыруды экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оны әртараптандырудың аса маңызды элементі ретінде жариялаған.
    Индустрияландыру шеңберінде бүгінде жүз мыңдаған қазақстандық жұмыс істейтін 1000-ға жуық жаңа кәсіпорындар салынды.
    Сәуірде индустриялық және инновациялық жетістіктердің тұсаукесерлері, форумдар, Ашық есік күндері өткізіледі.
    5. Мамыр – Бейбітшілік. Келісім. Достық.
    Ай Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі бойынша Қазақстанның бірлік пен келісімді нығайту, қазақстандық қоғамды дамыту жөніндегі жетістіктеріне арналады.
    Мамыр бойы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай этномәдени бірлестіктерді, шығармашыл зиялы қауымды жұмылдыра отырып, мерекелік іс-шаралар өткізіледі.
    Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық құндылықтарының сенімді қорғаушысы болып табылатын қазақстандық армияға ерекше назар аударылатын болады.
    6. Маусым – Мемлекеттік рәміздер.
    Ай мемлекеттік рәміздерге – Тәуелсіздіктің басты атрибуттарына – арналады.
    Тәуелсіздіктің 25 жылдығының жылында мемлекеттік рәміздер «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет» Ұлт жоспары шеңберінде енгізілген жаңа форматта іс-шараларда және тұрмыста қазақстандықтар үшін шек қойылмай қолданылады.
    Патриоттық форумдар, құрылтай, жас ұрпаққа арналған әр форматтағы байқаулар өткізіледі.
    7. Шілде – Астана. Отан. Жаңа қазақстандық патриотизм.
    Бұл ай Қазақстанның елордасы – Астанаға арналады.
    Астана – ел жүрегі, Еуразия жүрегі. Астана – Тәуелсіздік символы, әл-ауқат символы.
    Астанадағы және өңірлердегі барлық іс-шаралар Астанаға арналады. Іс-шараларда еліміздің жетістіктері Астананың дамуы тұрғысынан айшықталады.
    8. Тамыз – Жаһандық бастамалар. Бітімгер Қазақстан.
    Ай Қазақстанның білім, ғылым, зияткер ұлтты қалыптастыру саласындағы жетістіктеріне арналады.
    Оқуда, ғылыми жобаларда жоғары жетістіктер көрсеткен жас дарынды қазақстандықтарды ілгерілету жөніндегі іс-шаралар желісі өткізіледі. Ерекше назарда – еліміздің беделді ғалымдары.
    Тамызда Қазақстанның жаңа тарихындағы екі ерекше күн: 29 тамыз – Қазақстан бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Халықаралық ядролық қарудан бас тартқан күн және 30 тамыз – Конституция күні.
    9. Қыркүйек – Еңбек. Отбасы. Әл-ауқат.
    Ай «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарына: енбексүйгіштік пен адалдыққа, отбасылық құндылықтарға арналады.
    Қазақстандықтардың қалтқысыз еңбегі елімізге бұрын-соңды болмаған табыстарға жетуге мүмкіндік берді.
    Бүкіл ай бойы Еңбек адамын құрметтеуге арналған іс-шаралар өткізіледі.
    Тәуелсіздіктің 25 жылдығы күнтізбесіндегі ерекше күн – Мемлекет басшысы бекіткен Отбасы күні. Бүкіл ел бойынша «Үздік отбасы» атағына өңірлік байқаулар өткізіледі. Оларды жеңімпаз-отбасына құрмет көрсетілетін гала-концерт қорытындылайды.
    10. Қазан – Мәңгілік мұра.
    Ай Қазақстан халқының ұлы мәдени игіліктеріне, өнер мен шығармашылықтың баға жетпес және бірегей үлгілеріне арналады.
    Дарынды қазақстандықтардың арасында байқаулар мен сыйлықтар беру, театр фестивальдері, еліміздің музейлері арасында байқау өткізіледі.
    11. Қараша – Индустриялық және инновациялық Қазақстан.
    Ай Тәуелсіздіктің 7-ші шыңы – «Жаһандық жауапкершілік, барша адамзат үшін ортақ бастамалар», Қазақстанның халықаралық бітімгершілік бастамалары саласындағы жетістіктеріне арналады.
    Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге Тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі өзінің тамаша табыстарымен әйгілі. Мемлекет басшысының сарабдал сыртқы саясатының арқасында біздің елімізді халықаралық аренада басты бітімгер ретінде де таниды. Ай бойы Қазақстанның бітімгер ел ретіндегі имиджін алға ілгерілету жөніндегі бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Оларға жетекші халықаралық сарапшылар қатысады.
    12. Желтоқсан – Тәуелсіздік тарихы. Қазақстан жолы.
    Ай мерейтойлық жылдың жалпы оқиғалық күн тәртібін аяқтайды және Тәуелсіздік тарихын дәріптеуге, қалыптасудың, даму мен табыстың қазақстандық жолының айрықша бірегейлігін ілгерілетуге арналады.
    Желтоқсанның басты тақырыптары Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын мерекелеу болмақ. Бұдан басқа, 21 қарашадан бастап 15 желтоқсан аралығындағы кезеңде жеке жоспар бойынша Тәуелсіздіктің мызғымас негіздері айшықталатын 25 жұлдызды күн өткізіледі.
    Жер-жерде мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларында Елбасының қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы ерекше рөліне назар аударыла отырып, қоғамның топтасуы мен бірігуіне бағытталған айтулы оқиғалар өткізіледі.

Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі
(21 қарашадан бастап 15 желтоқсан аралығындағы оқиғалардың күн тәртібі)

21 қарашадан бастап 15 желтоқсан аралығында Тәуелсіздіктің 25 негізіне арналған 25 тақырыптық күн өтеді.
1. 21 қараша – Қазақстан Республикасының Конституциясы
Күннің іс-шаралары Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тірегі ретінде Ата заңның тарихи маңызын кеңінен паш етуге арналады.
2. 22 қараша – Мемлекеттік рәміздер
Күннің іс-шаралары егемендіктің мызғымас негіздерінің бірі – мемлекеттік рәміздерге арналады.
3. 23 қараша – Мемлекеттік шекара
Күннің іс-шаралары мемлекеттілік пен егемендіктің маңызды белгісі ретінде мемлекеттік шекараларды халықаралық-құқықтық ресімдеу процесіндегі Мемлекет басшысының жоғары рөлін көрсетеді.
4. 24 қараша – Мемлекеттік тіл
Күннің іс-шаралары Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын кеңінен насихаттауға және Мемлекет басшысының «100 қадам» Ұлт жоспарында алға тартылған үш тілде білім беру саясатын ілгерілетуге арналады.
5. 25 қараша – Жаһандық бастамалар
Күннің іс-шаралары Қазақстанның бітімгершілік және жаһандық бастамаларын насихаттауға арналады.
6. 26 қараша – Азаматтық қоғам
Күннің іс-шаралары мықты азаматтық қоғамның басты институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, Омбудсмен институты мен Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның серпінді дамуы мен олардың Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудағы рөлін көрсетеді.
7. 27 қараша – Бірегейлік және бірлік
Күннің іс-шаралары «Мәңгілік елдің» түйінді құндылықтарына – бейбітшілікке, келісімге, патриотизмге, бірлікке арналады. Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше назар аударылады.
8. 28 қараша — Ұлттық валюта
Күннің іс-шаралары Қазақстанның басты атрибуты – ұлттық валюта теңгеге арналады.
9. 29 қараша – Ядролық қарусыз әлем
Күннің іс-шаралары Мемлекет басшысының әлемдік тарихтағы теңдесі жоқ шешіміне – ядролық қарудан бас тартуына және Семей ядролық полигонының жабылуына арналады. Елбасының ядросыз әлем жасау, «Атом» жобасы жөніндегі бастамаларына ерекше назар бөлінеді.
10. 30 қараша — Ғылым мен жаңа технологиялар
Күннің іс-шаралары Қазақстанның ғылыми-инновациялық саладағы жетістіктеріне, мемлекеттің ғылымды қажетсінетін экономиканы құру саласындағы басымдықтарына арналады.
11. 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Президенті институты
Күннің іс-шаралары Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор жетістіктеріне арналады.
12. 2 желтоқсан — Отбасылық құндылықтар
Күннің іс-шаралары мемлекеттің мызғымас тірегі ретінде отбасы институтын және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға арналады.
13. 3 желтоқсан — Ұлт саулығы
Күннің іс-шаралары Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы түйінді жетістіктерін айшықтауға бағытталған.
14. 4 желтоқсан — Спорт жетістіктері
Күннің іс-шаралары Қазақстанның спорттық ел ретіндегі жетістіктерін, саламатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналады.
15. 5 желтоқсан – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы
Күннің іс-шаралары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеяларын ілгерілетуге арналады.
16. 6 желтоқсан — Мәдениет және руханият
Күннің іс-шаралары халықтың тарихи жадының негізі және Тәуелсіздіктің рухани құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның мәдени мұрасының құндылықтарына арналады.
17. 7 желтоқсан — Нұрлы жол
Күннің іс-шаралары «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналады.
18. 8 желтоқсан — Нұрлы болашақ
Күннің іс-шаралары Тәуелсіздікті нығайтудағы және болашақ Қазақстанның табысты дамуындағы жастардың рөлін көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысының ұлтымыздың зиялы қауымын қалыптастырудың өзегі болып табылатын «Болашақ» бағдарламасына және «Жас Отан» қызметіне ерекше назар аударылады.
19. 9 желтоқсан – Білім
Күннің іс-шаралары білім саласына енгізіліп жатқан, «100 қадам» Ұлт жоспарында белгіленген жаңа әдістерді насихаттауға және Тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының жетістіктерін көрсетуге бағытталады.
20. 10 желтоқсан — Әлеуметтік жаңғырту
Күннің іс-шаралары мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру нәтижелерін айшықтауға арналған.
21. 11 желтоқсан — ЭКСПО «жасыл» технологиялары
Күннің іс-шаралары «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесіне арналған.
22. 12 желтоқсан — Индустрияландыру
Күннің іс-шаралары Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын насихаттауға және «Ұлттық чемпиондар» бастамасын жүзеге асыруға арналған.
23. 13 желтоқсан — Мықты Қазақстан – мықты өңірлер
Күннің іс-шаралары Қазақстан өңірлерінің негізгі жетістіктерін насихаттауға және ілгерілетуге арналады.
24. 14 желтоқсан — Астана
Күннің іс-шаралары тәуелсіз Қазақстанның басты символы және жасампаздық энергиясы ретінде, барша қазақстандықтардың табысты болашағына деген үміті мен сенімін білдіретін Астанаға арналады.
25. 15 желтоқсан — «Мәңгілік ел» мәңгілік құндылықтары
Күннің іс-шаралары «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарына арналады.

  1. Мерекенің сыртқы атрибуттары

Логотип мемлекеттік рәміздердің элементтерін қамтиды. Орталық элемент «25» саны болып табылады.
Көрнекі безендірілуі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы мен оның барлық саладағы 25 ішіндегі жыл жетістіктерін бейнелейді.
Мерекелеудің түс гаммасы Мемлекеттік тудың түс гаммасына – көгілдір түстің алтынмен үйлесуіне сай болады.

  1. Күтілетін нәтижелер

Бүкіл жыл бойы мерекелік көңіл-күй жасау.
Қазақстандықтардың ұйымшылдығын, еліміздің жетістіктері үшін мақтаныш сезімін нығайту.
Жас ұрпақ пен әлеуметтік тұрғыдан белсенді азаматтардың аса маңызды мемлекеттік міндеттерді іске асыруға және қоғамдық өмірге белсене қатысуы

 

арналған іс — шаралар жоспары